Выбор жанра
Артрит ауруынан емделу

Артрит ауруынан емделу

Қазақтың ежелгі халық емі

Жылқы – қазақтың жаны, сұлулықтың пірі, тазалық пен тектіліктің символы, мың бір дерттің дауасы. Біздің данагөй бабаларымыз бағзы заманнан-ақ жылқының еті, сүті, өзі арқылы небір ауруларды емдеп жазып, жүре алмайтын мешел, сал балаларды да аяғынан тік тұрғызып, төрт құбыласы тең адам қатарына қосқан. Қазіргі шетелдік, отандық медицинадағы атқа мініп жүру арқылы емдеу – біздің қазақы жылқы терапиясының алтын бір сынығы.

Иппотерапия туралы

Қазақтың жылқы терапиясын бұл күндері әлем медицинасы иппотерапия деп атайды. Иппотерапия – грек тілінде (hippo – «ат») деген мағынаға ие, дәрігерлік шарадағы мақсатына сәйкес халық санасында қалыптасқан ұғым – «атқа мініп жүру арқылы емдеу». Осы ғасырдағы заманауи иппотерапия ілімі – жүйке жүйесі зақымданған сырқаттарды емдейтін медицинаның бір саласы. Онымен жас та, кәрі де емделе алады, бұл шипалық шарада жас мөлшеріне, адамның жынысына ешқандай шектеу қойылмайды.
Иппотерапия туралы құнды деректер атақты Гиппократтың еңбектерінде де ұшырасады. XVIII ғасырдың ортасында энциклопедияшы ғалым Дени Дидро болса, «Атпен жүрудің денсаулықты сақтаудағы маңызы» атты трактат жазып, барлық дене жаттығуларының ішінде ең маңыздысы ретінде атқа мінуді бірінші кезекте атап көрсетіп, ол арқылы көптеген ауруларды емдеп-жазуға болатынын баяндайды.
Сірә, көне дәуірдегі медициналық жазбаларды, деректерді зерттеп, зерделеудің игі ықпалы шығар, иппотерапияның адам ағзасына пайдалы, түрлі сырқаттарға шипасы ХІХ ғасырдың соңында ғылыми негізде тексеріліп, тәжірибеде қолданыла бастады. Соның нәтижесінде, қазақтардың бала кезінен, еуропалық ақсүйектердің есейіп, қоғамда өз орнын табысымен-ақ түлік төресі – жылқымен дұрыстап тұрып шұғылдануы жылқыдан физикалық ем де қабылдау екендігі анықталып, иппотерапияның қадір-қасиетін асқақтата түсті. Мұнан жарты ғасыр бұрын Германия, Швейцария, Австрия мемлекеттерінде тіпті иппотерапия қосымша емдік курс ретінде пайдаланылып, 1980 жылдардың соңында американдық және канадалық терапевтер арнайы Германияға келіп, осы ілімді үйренді, көп ұзамай иппотерапияны Солтүстік Америкада да медицинаға енгізіп, 1992 жылы АҚШ-та тұңғыш рет американдық иппотерапевтер қауымдастығы да құрылды.
Қазақстанда да шипалы ілім қайта жанданды. Соңғы деректер бойынша, қазір бір ғана АҚШ-та атқа мініп жүру арқылы емдеудің 600-ден астам сауықтыру орталығы жұмыс істейді, Еуропада иппотерапия емі 20 жылдан бері тұрақты түрде қолданылуда, Англияда иппотерапия король әулетінің ата-тегімен қорғауға алынған. Мұнда Анна ханшайым Олимпиада чемпионаты, мүгедектердің ат спорты федерациясын басқарады. Ал енді Украинада иппотерапия бағдарламасы 1994 жылы «Петрусевич» клубының базасында бастау алып, кейін Киев, Донецк, Харьков, Одесса қалаларында атқа мініп жүру арқылы емдудің 4 орталығы ашылды. Польша елінде де бұл күндері иппотерапияның 60 учаскесі тұрақты түрде жұмыс істейді.

Иппотерапия аттары

1330777743_deti-vko-ippoterapiyaАдам – табиғаттың төл перзенті. Оған қоршаған ортасы, ауа, су, жер мен аспан да ерекше әсер етеді, жан-жануарлар мен құстардың да ықпалы айрықша: дельфиндер суға батқан адамды құтқарса, ит ер адамның жанын сергітеді, мысық ауырған жеріңді жазады, жылқы бір көргенде-ақ бойыңа айрықша күш-қуат құйып, еңсеңді көтереді, көңіліңе қуаныш, батылдық пен батырлық ұялатады, көркімен, түр-тұлғасымен сүйсіндіріп, сұлулыққа, ізгілікке құштарландырады.
Біз енді иппотерапияға пайдаланылатын аттар туралы айтар болсақ, оған жас, асау, үркек, жүген-құрық көрмеген, бас білмейтін жылқылар жарамайды. Шет елдерде, қазір біздің елімізде де, иппотерапияға спорттық ойындарға қатысып, оған барлық күш-қайратын беріп болған аттар тартылады: өзінің спорттық өмір жолын аяқтағаннан кейін аттар иппотерапияға пайдаланылып, тағы да бірнеше жыл адамға қызмет жасайды. Аттарды иппотерапияға пайдаланар алдында арнайы жаттығулардан өткізіп, дайындайды. Оған 3–5 жыл уақыттың да кетуі мүмкін. Өйткені, емдеу сеансы кейде ұзаққа созылып, атқа көп уақыт бойы тапжылмай тұруға да тура келеді. Немесе оның сеанс барысында бірнеше рет баяу шеңбер жасап қозғалуы қажет. Мұндай жаттығу кезінде мүгедек, сырқат балалар аттың арқасында созылып жататындықтан, ертоқымға ішін беріп, асылып бойын салбырататындықтан, аттың бір жағынан екінші жағына асып түсетіндіктен, оның бәріне шыдап, төзетін жуас, балаларды жатырқамайтын, керсінше, жақсы көретін ат таңдап алынады. Иппотерапияға көбінесе спорттық ойындарға қатысып, жасына байланысты одан босатылған аттардың пайдаланылатыны, мінеки, олардың осындай қатаң тәртіпке үйретіліп тасталғандығынан.

Иппотерапияның ем болатын аурулары

Негізгі ем болатын сырқаты адамның жүйке жүйесінің бұзылуы, соған қатысты кінәраттар: миға қан құйылу, бас-сүйек жарақаты, мінез-құлық өзгерісі, көңіл күйдің құлазуы, ұмытшақтық, шорбуын, тірек-қимыл аппаратының дұрыс жұмыс істемеуі, есту қабілеті мен көздің көруінің нашарлауы, сәтсіз жағдайлардан, ауыр оталардан кейінгі омыртқалардың қисаюы, артрит, бұлшық еттің семуі, сал болу, қан айналымының, жүрек қан қысымының, зат алмасудың бұзылуы, ентікпе, ішек ауруларының қозуы және тағы да басқалары.
Маман-дәрігерлер иппотерапияда атты «тірі тренажер» деп атайды. Атқа отыру, жүру адамға биохимиялық әсер етіп, ағзасын нығайтады. Атқа мініп жүру арқылы әйелдер гинекологиялық аурулардың, ерлер қуық асты безінің қабынуының алдын алып, бұл дерттерден сақтана алады. Жылқы температурасы адам қызуынан екі градусқа жоғары болатындықтан, ол адамның тақымы арқылы өн бойына беріліп, денесін біртіндеп қыздырады да, қан айналымын жақсартады. Тақымы арқылы бойына тараған қызу мен қан адамның саусақ ұштарына дейін барады.
Аттың үстінде отырған адам өз денесін үнемі тепе-теңдікте сақтауға тырысады. Бұл жауырынның, қарынның, кеуденің бұлшық еттерінің қызметін біресе босаңсытып, біресе қатайтып ширықтыруға мәжбүрлейді, соның нәтижесінде, омыртқаны демейтін әрі оған түсетін жүктемені азайтатын бұлшық ет «белбеуі» қалыптасады. Сол арқылы адамның жеке мүсіні де әдеміленеді. Әрі адамның жайшылықта әрекетке түсе қоймайтын бұлшық еттері де іс-қимылға көшеді. Иппотерапия дәрігерлерінің айтып түсіндіруінше, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы адам денесіне массаж жасауға тиімді көптеген элементтерден тұрады. Астындағы аты жайлап желігеннің өзінде 110 түрлі тербеліс тудырады да, желіп келе жатқан аттың бұлшық еттерінің қозғалысы үстіндегі адамның бойына беріледі. Сондай сәтте адам ат үстінен құлап қалмай, тепе-теңдікті сақтауға тырыспай ма? Мінеки, бұл тірек-қимыл жүйесінің қызметі бұзылған адамның қимылсыз қалған бұлшық еттерін «тірілтіп», іске қосады, жүйке дертінің ауыр түрімен сырқаттанған адамды қоршаған ортамен үйлестіріп, табиғапен қайта табыстырады, өмір сүруге деген ынта-ықыласын арттырады, жүрегінің қызметін жақсартып, жүйкесін тыныштандыра бастайды.
Кез-келген адам өзінің күнделікті өмірінде дене жаттығуларымен айналысқанда екі бағытта ғана қозғалыс жасайды: оңға-солға және алға-артқа. Атқа мінген адам мұның бәрін жасап, жоғары-төмен бағытта да қозғала алады. Ол – адам ағзасы үшін өте пайдалы қозғалыс. Бұл бұлшық еттерді қуаттандырады, ішкі сөл бөлуші бездер мен ішкі ағзалардың жұмысын жақсартып, күшейтеді. Осының бәрі жерде тұрып, отырып дене жаттығуын жасаған адамнан ат үстінде бірнеше бағытта қозғалған емделуші жаттығуының басты артықшылығы.
Аттың белінің бұлшық еттері көптеген бөліктерден тұратындықтан, ол адамның жамбасы мен аяқ бұлшық еттеріне үгуші және жылытушы әсер етіп, аяқтың қан айналысын қалпына келтіреді. Атқа мінген адам жүріп келе жатқанында алдында, айналасына жіті көз тастап, алыстағыны да жоғарыдан жанарымен шолып, көзінің көру қабілетін қайтадан қалпына келтіріп, жақсартады, таза ауа жұтып, ағзаны шынықтырып, иммунитетін күшейтеді, тыныс алу қызметін жолға қойып, жанын сергітеді.
Адамның атпен бірге болуы оны қайталанбас жағымды әсерлерге бөлейді, көңіл күйзелісінен арылтады, тәні мен бірге жанын сауықтырып, өзіне деген сенімділігін нығайтады, дене бітімін сұлуландырып, кеудесін, басын жоғары ұстап, тік жүруіне жәрдемдеседі. Қазір дәрігерлер «жылқымен емдеу» сеансын жүйке жүйесі шаршап, тозған, ашуланшақ, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан адамдарға жиі ұсынып, олар бұл емді қабылдаған жағдайда араларында қызба, ызақор, күйгелек мінез, қылықтарынан арылып жатқандары аз емес. Және де көңілсіз, мінезі тұйық адамдардың да «жылқымен емделуді» қабылдағаннан кейін жаны жадырап, ақжарқын кейіпке түсіп жатқандары кейінгі кезде медицина саласында анықталып жатқан иппотерапияның бір шипасы.
Тіршілік иелерінің қай-қайсында да биоөріс болғанымен, аттың биоөрісі өте күшті, қашанда адамға жақсы қуат сыйлайды. Дәрігерлердің дәлелдеуінше, адамдар аттан биоөрістік қуатты оған мініп жүргенде ғана емес, оны бағып, күту, баптау кезінде де жан-тәніне алады екен. Сөйтіп, жылқы өзінің биоөрістік қуатын адам жанына өткізіп, оның өн бойындағы биоөрістік қуатын тазартып, жаңартып шығаратын көрінеді.

Бала және иппотерапия

1330777777_vko-ippoterapiyaИппотерапия бағыттарының бірі – балаларда кездесетін церебральды салды, даун синдромын, аутизмді, ақыл-есінің кемістігін, тағы да басқа ауруларын емдеп-жазу. Иппотерапия балаға психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыда екіжақты өте жақсы әсер етіп, бой қуатын күшейтеді. Жылқыға жақындау, оған мініп жүру аяғынан баса алмайтын сал сырқатындағы балаға үлкен жануарды бағындырғандай, жерден өздігінен жылжығандай психоэмоционалдық күшті әсер етеді, жылқы жүрісінің тербелісінде жан-жағына шайқалуы арқылы тірек-қозғалыс жүйесіне оң ықпал жасалады. Жылқы үстіне науқас бала мінгенінде, түлік төресі оның көп ауруын өзінің бойына сіңіріп алып, жазылып кетуіне де көмектеседі. Ат үстінде тепе-теңдігін ұстап отыра білген баланың ішкі жігері оянады, өзіне жан-жағындағы кісілердің назары ауғанын байқап, жүрегін мақтаныш пен қуаныш кернейді. Атқа мініп жүргенінде кез-келген бала бойындағы ауруын ұмытып кетеді.
Атқа мініп жүру арқылы емдеу (иппотерапия) балаға ешқандай қысым түсірмейді, оның сеансы өте жеңіл де қарапайым әрі табиғи. Барлық бала атқа отыруға қатты қызығатындықтан, денсаулығын қайта қалпына келтіруде иппотерапия олар үшін барлық емнен шипалы болып табылады. Сырқат балалар атпен тез тіл табысып, төрт түлік төресінің көңіл күйін де тәп-тәуір сезінеді. Атпен жақындасу арқылы мінез-қылығы ашылып, жан-дүниесі байи түседі. Ең қуанарлығы, соңғы жылдары балаларды иппотерапиямен емдеу тәжірибесі халыққа кеңінен насихатталып, Қазақстан Республикасы әлемде бірінші мемлекет болып иппотерапияны қаржыландырып, оған үлкен қолдау көрсетуде.

Иппотерапияның балаға ең басты оң әсерлері:

– дене белсенділігін арттырады;
– жаңа қабілеттерін ашады;
– психикалық оңалудан толықтай өткізеді;
– церебральды сал ауруынан сауықтырады;
– адамдармен қарым-қатынас жасауға үйретеді;
– өмір сүруге деген құштарлығын оятады;
– ойлау қабілетін қалыптастырады;
– бойындағы қорқыныш, үрейден арылтады;
– жанында өзіне деген сенімділігін нығайтады;
– көзінің көруін жақсартады;
– баланың тілін шығарады.

«Жылқы терапиясындағы» сақтық

Дәрігерлік шаралардың, халық емінің қолдануға болмайтын кездері де бар. Мамандардың қатаң ескертуі бойынша, иппотерапияны қан қысымы ауруы асқынған, жіті тромбофлебитке шалдыққан, трофикалық жарасы, омыртқа шеңберінде үлкен жарығы бар, сүйегі сынған адамдарға қолдануға болмайды. Сырқаттың несеп шығару жүйесі қабынғанда, қуық түбі безі, гинекологиялық аурулары асқынғанда оларды иппотерапиямен емдемейді. Адамның ішкі ағзаларының жіті ауруларында да «жылқы терапиясын» қолдану қауіпті. Кез-келген адам иппотерапиямен емделер алдында дәрігерге қаралып, ақыл-кеңесін алып, арнайы түрде медициналық тексеруден өтуге тиісті.
Иппотерапияны пайдаланылатын аттарды арнайы жаттығудан өткізіп, ем жүргізетін адамдарды да оқытып, әзірлейді. Тек, есте болатын бір жағдай, жылқының биоөрістік қуаты әлі толық зерттелмеген ғылым саласы. Әлі есімде, Арқалық қаласында Боранбай деген ағамыз өмір сүрді. Тоқсан жасына дейін ат үстінен түспеді. Сол кезде қимылы да ширақ, жүрісі де тың еді. Балалары «Бір күні аттан құлап, бір жерде өліп қалар» деп атынан айырған еді, әлгі ағамыз екі аяғынан жүре алмай қалды. Сонда сол ағамыздың айтқаны: «Аттан айрылдым – аяқтан айрылдым. Ат кетті, бойымнан күш-қуат кетті…».

Мақсұтбек Сүлеймен, info-tses.kz

Суреттер altaynews.kz

Источник: http://argymaq.kz/?p=1964

Артрит ауруынан емделу

Артрит ауруынан емделу

Комментарии

Имя:*
E-Mail:
Введите код: *
Олигоартрит что это такое